Өскемендік кәсіпкер танымайтын адамға 23 миллион теңге берген
Қалада дүкені бар жеке кәсіпкер алаяқтық жөнінде полицияға арызданған

Оны бейтаныс әйел қаржы мәселесін шешіп, бизнесін дамытуға көмектесемін деп алдаған көрінеді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Жазда оның дүкеніне бейтаныс әйел келіп, қаржы мәселелерін шешуге және бизнесті дамытуға көмектесетінін айтқан. Күдікті әйел оны сөздерінің шынайылығына сендіріп, жалған бизнес-жоспарын көрсетіп, кәсіпкердің сеніміне кірген. Екі айдың ішінде әртүрлі сылтаулармен, соның ішінде несие рәсімдеу үшін, жәбірленушіден 23 миллион теңге алған. Бұдан бөлек, ол пайызбен қарызға ақша алып, қолхаттар жазып беріп отырған. Алайда тамыз айының соңына дейін қаражатты қайтарамын деген уәдесін орындамаған, - деп мәлімдеді ШҚО ПД баспасөз қызметі.
Бұл факті бойынша "Алаяқтық" бабымен сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті ескертеді:
- қаржылық мәселелеріңізді шешемін деп уәде ететін бейтаныс адамдарға сенбеңіз;
- бизнеске қатысты кез келген ақпарат пен құжатты мұқият тексеріңіз;
- ресми шартсыз ешкімге қомақты қаржы бермеңіз;
- үшінші тұлғалардың өтініші бойынша несие рәсімдемеңіз;
- қолхаттың әрдайым ақшаңызды қайтарып беретініне кепіл болмайтынын есте сақтаңыз.
Күдікті жағдайларда 102 нөміріне хабарласу қажет.