ШҚО-да заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған бұрынғы құқық қорғау қызметкері ұсталды
Осыдан 10 жыл бұрын ШҚО-дағы мемлекеттік органдардың бірінде басшы болған азамат заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін 7 жыл іздеуде жүрген

Күні кеше Түркиядан табылып, елге экстрадицияланды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ҚР Бас прокуратурасының ақпаратына сүйеніп.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігі Интерполының қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің көмегімен Қазақстан азаматын трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқаны, ойын бизнесін заңсыз ұйымдастырғаны және билігін асыра пайдаланғаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Түркия Республикасынан экстрадициялады.
Тергеу мәліметтері бойынша, күдікті 2015–2016 жылдары Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік органдарының бірінде басшылық қызметті атқара отырып, ойын бизнесі саласындағы заңсыз әрекеттерге қамқорлық жасағаны үшін жүйелі түрде ақшалай сыйақы алған, - делінген ҚР Бас прокуратурасының ақпаратында. - Қылмыс жасағаннан кейін ол жасырынып, 7 жыл бойы халықаралық іздеуде болған.
2024 жылдың қаңтарында іздеудегі азамат Түркия Республикасының Измир қаласында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін елге экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта ол тергеу изоляторына қамалды.
Айта кету керек, қылмыстық топтың басқа мүшелері бұған дейін түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған.
Айыпталған іс-әрекеттері үшін қылмыстық заңнама бойынша мүлкі тәркіленіп, 12 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.