Өскеменде жасөспірім көше ортасында қарумен жүрген
Кәмелеттік жасқа толмаған баланың сөмкесінен травматикалық тапанша табылды

Ол түн ортасында Ұлттық ұланның әскери жасағының қолына түскен, хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Оқиға 5 қыркүйек түнгі сағат 00.00-де орын алды. Ұлттық ұланның №5518 әскери бөлімінің әскери жасағы қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша қызмет атқару барысында Назарбаев даңғылынан күдікті жасөспірімді байқайды. Әскери жасақ бастығы қатардағы Аян Асхатов және патрульші Талғат Абдикадиров бастаған жауынгерлер жақындағанда 2008 жылғы жігіт қашуға әрекеттенген.
Полиция қызметкерлерімен бірлесе атқарған қызмет барысында иығына асынған сөмкесіне тапанша салып алған қала тұрғынын құрықтадық. Жайбарақат келе жатқан жасөспірім бізді байқасымен шұғыл бағытын өзгертіп, жүрісін жылдамдата түсті. Алайда Ұлттық ұлан сапында жекпе-жек ұрысының тәсілдерін жетік меңгеріп, үнемі физикалық даярлығын жетілдіретін жауынгерлерден күдікті айласын асыра алмады, - дейді әскери жасақ бастығы қатардағы Аян Асхатов.
Әскери жасақ азаматты тоқтатып, мән-жайды анықтаған кезде ол өзімен травматикалық тапанша алып жүргенін мойындайды. Ұлттық ұлан сарбаздары қала тұрғынын одан әрі тексеру үшін полиция басқармасының Ертіс бөліміне жеткізген.