ШҚО-да 9 729 бүлдіршін алғаш мектеп табалдырығын аттады
Жаңа оқу жылында облыстың 347 мектебінде 99 мыңнан астам оқушы білім алады

Облыста биыл жеті жаңа мектеп ашылды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
2 қыркүйек күні Өскемен қаласында №31, №40 және №41 мектептер алғаш рет есігін айқара ашты. Сонымен қатар, Глубокое ауданының Белоусовка ауылындағы №2 орта мектебі мен "Опытное поле" мектебі, Зайсан қаласындағы "Сауыр" орта мектебі оқушыларды қабылдай бастады.
Сондай-ақ кеше Риддер қаласында 600 орындық №12 мектеп салтанатты түрде ашылды. Ашылу рәсіміне ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты. Қазір Риддерде "Казцинк" компаниясының қаржыландыруымен тағы бір 600 орындық мектептің құрылысы жүріп жатыр. Нысан келесі жылы пайдалануға берілмек. Бұдан бөлек, құны 8,3 млрд теңгені құрайтын 200 орындық жыл бойы жұмыс істейтін балаларға арналған демалыс орталығының жобасы әзірленіп жатыр және қосымша 6 білім нысаны жөндеуден өтуде, биыл робототехника, биология және физика бағытындағы 3 жаңа кабинет сатып алынбақ.
Жаңа оқу жылы қарсаңында облыстағы 319 мектеп асханасы толықтай жөнделіп, барлық қала мен аудандарда оқушылардың тамақтану сапасын бақылау топтары жұмысын бастады.
Сонымен қатар, Ұлан ауданындағы Бозанбай орта мектебін ерекше атап өттуге болады. Ол Қазақстандағы үздік 100 мектептің қатарына енді. Мектепте күрделі жөндеу жүргізіліп, материалдық-техникалық база жаңартылды. Жаңа оқу кабинеттері, кітапхана, телестудия, STEM-зертхана және заманауи спорт залы ашылды.
"Келешек мектептері" ұлттық жобасы – балалардың кең сыныптарда сапалы білім алуына, заманауи спорт залдарында шынығуына, IT-кабинеттер мен зертханаларда жаңа технологияларды меңгеруіне мүмкіндік жасайды.