ШҚО-да жыл басынан бері 14 рет дала өрті тіркелді
Өрт жалпы аумағы 192,8 гектарды қамтыған, оның 5,1 гектары – орманды жерлер

ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы орман қорының өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруда, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Жаз мезгілінде өрттің шығу себептері әртүрлі. Мысалы, Самар және Ұлан аудандарында өрттің басым бөлігі найзағай салдарынан болған. Ал басқа аудандарда себеп көбіне адам факторы – табиғат аясында демалу, от жағу кезінде отты дұрыс пайдаланбау, – деді басқарма басшысы Мерхат Әміров. - Аумақты бақылау және патрульдеу үшін төрт тікұшақ жұмылдырылып, олар 556 сағат әуеде болған. Орман күзетінің қарамағында 1 181 қызметкер, 196 техника, үш мыңнан астам жабдық және алты дрон бар. Бұдан бөлек, тағы 26 пилотсыз ұшу құрылғысын сатып алу жоспарлануда. Сондай-ақ 29 тонна дизель, 48 тонна бензин қоры жасақталған.
Соңғы жеті жылда орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға облыстық бюджеттен 2,162 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржыға өрт сөндіру және патрульдік көліктер, тракторлар, шағын өрт кешендері мен өзге де жабдықтар алынған.
2025 жылы қосымша үш вахталық көлік сатып алынды. Сонымен қатар, "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ арқылы лизингтік негізде тағы 110 техника сатып алу жоспарланып отыр. Оның жалпы құны – 3,9 млрд теңге.