Өскемен: Үздік жас жол инспекторлары анықталды
Өскеменде Ғазиз Байтасов атындағы ХХ мерейтойлық республикалық жас жол инспекторларының слёті өз мәресіне жетті

Слёт алғаш рет халықаралық деңгейде ұйымдастырылып, Қырғыз Республикасының командалары да қатысты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Еліміздің барлық өңірлерінен келген жүздеген оқушы мен шетелдік қонақтар жол қозғалысы ережелерін білу, алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша білімдерін сынға салып, сондай-ақ бірқатар шығармашылық және тәжірибелік сайыстарда бақ сынады. "Білімпаздар турнирі", "Жас реттеуші", "Велосипедті мәнерлеп жүргізу", "Автоқала", "Жас санитар", "ЖҚЕ білгірлері" және "Үгітбригада" сынды байқаулар ұйымдастырылды.
Сондай-ақ "ЖЖЕ білгірі" аталымында үздік нәтиже көрсеткен және жол қозғалысы мәдениетін арттыруға белсенді үлес қосқан полиция қызметкерлері де марапатталды.
Сіздер – біздің болашағымызсыздар. Бүгіннен бастап жолдағы мәдениетті қалыптастырып, құрдастарыңызға ережелер – қағаз жүзіндегі шарт қана емес, қауіпсіздіктің берік негізі екенін түсінуге көмектесіп жүрсіздер. Бір кездері мен де ЖЖИ отрядының командирі болғанмын. Бұл тәжірибе менің кәсіби жолымның бастауына айналды, – деді ШҚО ПД бастығы генерал-майор Ерлан Омарбеков.
Мемлекетаралық есепте 1-орынды Қазақстан құрамасы, ал 2-орынды Қырғызстан командасы иеленді.
Республикалық есептің қорытындысы: І орынды Қостанай облысының жас жол инспекторлары отряды, ІІ орынды Ақмола және Қарағанды облыстарының жас жол инспекторлары отрядтары, ІІІ орынды Алматы қаласы, Абай және Солтүстік Қазақстан облыстарының командалары иеленді. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер гироскутерлер, ноутбуктер, планшеттер, смарт-сағаттар, телескоптар және өзге де заманауи құрылғылармен марапатталып, әрбір қатысушыға естелік ретінде рюкзак пен монопод табыс етілді.
Қырғыз Республикасының өкілдеріне екі елдің ведомстволары арасындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және байланыстарды нығайтуға қосқан үлесі үшін "Қазақстан полициясына 30 жыл" төсбелгісі табыс етілді.