ШҚО-да 9 млрд теңгенің электр қуаты заңсыз сатылған
Заңсыз сатылған электр энергиясының көлемі 50 мегаватт-сағаттан асады

Бұл 50-70 мың халықтың тұтынатын электр қуаты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі ақпаратына сүйеніп.
ҚМА Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті ҰҚКД-мен бірлесіп 9 млрд теңгеден астам сомаға электр энергиясын заңсыз сату фактісін анықтады.
Бірқатар энергиямен жабдықтаушы компаниялар екі жыл қатарынан халыққа, әлеуметтік нысандар мен стратегиялық маңызы бар кәсіпорындарға арналған электр энергиясымен майнинг кәсіпорындарын заңсыз түрде қамтамасыз етіп келген, - деп мәлімдеді ҚМА ШҚО бойынша департаменті. - Жалпы ұрланған электр энергиясының көлемі 50 мегаватт-сағаттан асады. Бұл 50–70 мың халқы бар қаланың энергия тұтынуымен тең көрсеткіш. Қылмыстық жолмен алынған табысқа ұйымдастырушы елордадан 2 пәтер және 4 автокөлік сатып алған. Олар мүмкін болатын тәркілеу мақсатында сот санкциясымен бұғатталды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, майнинг кәсіпорындарына электр энергиясын сату тек бірыңғай мемлекеттік сатып алушы арқылы және 1 мегаватт-сағаттан аспайтын көлемде ғана жүзеге асырылуы тиіс.
Осы іске қатысты тергеп-тексеру жалғасуда.