Өскемен – Риддер тас жолының жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр
Жол бойындағы сервистік нысандар көбейіп, кепілдік мерзімі ұзартылмақ

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірдегі маңызды инфрақұрылым нысандарының бірі – Өскемен – Риддер тас жолының қайта жаңғыртылу барысымен жеке өзі танысты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Жалпы ұзындығы 105 шақырымды құрайтын бұл жол 11 елді мекенді байланыстырып, туристер арасында жоғары сұранысқа ие. Өткен жылы алғашқы 30 шақырым толық жөнделсе, биыл қалған 75 шақырымда жұмыстар жалғасуда. Қазірдің өзінде 49 шақырымда жолдың негізі қалпына келтірілді, 42 шақырымда астыңғы қабат, 8 шақырымда үстіңгі қабат төселген.
Жұмыстар барлық технологиялық талаптарға сай жүргізілуде: ескі жабын алынып, ақаулар жойылып, жолдың сапалы әрі ұзақ қызмет етуі үшін арнайы шаралар қабылдануда. Әр кезеңде сапа техникалық қадағалау және зертханалық сараптамамен тексерілуде.
Жөндеу жұмыстары биылғы қазан айында толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, кепілдік мерзімі екі жылдан үш жылға дейін ұзартылмақ, – деді аймақ басшысы.
Бұл бағыт тек логистика үшін емес, туризмді дамыту үшін де маңызды екенін айтқан өңір басшысы Риддер мен Глубокое аудандарының әкімдеріне жол бойындағы сервистік нысандарды ашу бойынша кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізуді тапсырды.