Шығыста жас сарбаздар ант берді
Көк берет киген 400-ге жуық бозбала Отан алдындағы борышын өтеуге кірісті

Өскемен қаласының орталық алаңында ерекше сәт — жүздеген сарбаз сап түзеп, елге адал қызмет етуге ант берді. Бұл — Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 және 6699 әскери бөлімдерінің жас жауынгерлері, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің мәліметінше, Абай, Түркістан, Алматы, Павлодар облыстарынан жиналған 400-ге жуық жас сарбаз бір ауыздан ант мәтінін дауыстап оқыды. Қатарда тұрған әрбір жігіт — енді Отан қорғаушы.
Шараға ата-аналар, ардагерлер және әскери басшылармен қатар, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Арман Жұмағалиев те қатысты. Ол сарбаздарға жүрекжарды тілегін айтып, ел тыныштығының қаншалықты маңызды екенін еске салды.
Салтанатты сәтте Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев жас сарбаздарға қызметтерінде адалдық пен абырой серік болсын деген тілегін жеткізді.
Әскери ант — әр азаматтың өміріндегі жауапты кезең. Бүгіннен бастап сіздер — Отан қорғаушысыздар. Қызмет барысында ерлік, адалдық пен абырой серік болсын, — деді облыс әкімінің орынбасары.
Ант берердің алдында сарбаздар 40 күн бойы дайындықтан өтті. Бұл уақытта олар қарумен жұмыс істеуді, жақын қашықтықтағы ұрыс тәсілдерін, әскери жарғылар мен заңдарды үйренді.
Енді жас сарбаздар қоғамдық тәртіпті күзету, түзеу мекемелерін қорғау сияқты міндеттерді атқарады. Басты мақсат — азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен заңды сақтау.