ШҚО-да Oskemen Open-2025 халықаралық шахмат фестивалі аяқталды
Жарысқа әлемнің ең үздік шахматшылары қатысты: Masters турнирінде 19 жастағы Алексей Гребнев жеңімпаз атанды, ал қазақстандық шахматшылар үздік сегіздікке енді

Фестиваль классикалық шахматтан Қазақстан кубогының екінші кезеңі болды. Нәтижесінде басты Masters турнирінде 19 жастағы Алексей Гребнев – 18 жасқа дейінгі екі дүркін әлем чемпионы және Dubai Open-2025 жеңімпазы – жеңіске жетті. Ол шешуші ойында Нараянан С Л-ды 52-ші жүрісте жеңді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Венгриялық шахматшы Рихард Раппорт та 7 ұпай жинады, бірақ қосымша көрсеткіштер бойынша Гребневке жол берді. "Қола" жүлде 32 жастағы үндістандық Сетураман С. П.-ға бұйырды.
Сонымен қатар қазақстандықтар Денис Махнёв, Даниял Сапенов және Алишер Сүлейменов турнир кестесінде тиісінше 6, 7 және 8-орындарды иеленді.
Фестивальді ұйымдастырушылардың айтуынша, Masters турнирінің жүлде қоры $78 000 болды: жеңімпаз $18 000, екінші орын иегері – $14 000, үшінші орын иегері – $10 000 алды.
Әйелдер арасында шымкенттік 21 жастағы Зейнеп Сұлтанбек үздік атанды. Ол 4½ ұпай жинап, халықаралық шебер (IM) нормасын орындап, $1000 ұтып алды.
Маңызы жағынан кем түспейтін екінші турнир Challengers жеңімпазы 16 жастағы Константин Корниенко (7½ ұпай) болды. Жалпы жүлде қоры – $15 000, жеңімпаз $4000 алды.
Open турнирінде 20 жастағы қарағандылық Нариман Тлешев үздік шығып, қосымша көрсеткіштер бойынша жерлесі Ерназар Исумбаевты артта қалдырды.
Фестиваль Қазақстан кубогының маңызды кезеңі болды. Биыл тағы бір кезең мен финал өтеді. Финалға шыққан 12 ең мықты шахматшы айналма жүйе бойынша ойнайды.
— "Oskemen Open 2025" халықаралық шахмат фестивалі – 2025 жылғы классикалық шахматтан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан кубогының екінші кезеңі. Биыл үш кезең (швейцар жүйесі бойынша) және 12 қатысушыдан тұратын финал (айналма жүйе бойынша) өтеді, – деп түсіндірді ШҚО спорт және дене шынықтыру басқармасы.