Мектеп-пансионаттың құрылысы аяқталуға таяу
Құрылысы биыл аяқталуы керек нысандардың қатарында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп-пансионат бар
Мұнда денсаулығында есту, көру және сөйлеу, қозғалу кемістігі бар балалар білім алатын болады. Бүгінде бұл мектеп-интернатқа баласын беруге 97 ата-ана өтініш білдіріпті. Оның 49-ы ұлдар болса, 48-і қыз балалар.
- Бұл еліміздегі алғашқы әлеуметтік нысанда үйлерінде ата-аналары оқытып отырған мүмкіндігі шектеулі балалар кәсіби білім ала алады, - деді облыс басшысы Даниал Ахметов. - Яғни, осы жерде 12 жыл оқыған бала мамандық алып шығады. Бүгінгі таңға дейін 97 ата-ана өтініш жазыпты. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш өсе түседі деп сенемін.
Балаларды жаңа ортаға үйрету үшін бастауыш сынып сабақтары интернат базасында жүргізіледі. Ал 9-сыныптан кейін оқушылар пансионат және қалалық колледждер базасында арнайы мамандық алып шығатын болады.
Қазіргі таңда нысанның құрылыс жұмыстарымен айналысып жатқан мердігерлер облыс басшысына барлық жұмыс ағымдағы жылдың 1 шілдесінде толығымен аяқталады деп уәде берді.