ШҚО-да қазір 2 тоннаға жуық тауарлық балық өсіріледі, бес жылда 10 тоннаға жеткізілмек
Өңірде тауарлық балық өсіру (аквамәдениет) мен балық ресурстарын ұтымды пайдалану басты назарда

Шығыс Қазақстан облысында Үкімет қаулысымен бекітілген 2021–2030 жылдарға арналған балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында жүйелі жұмыс жалғасуда, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Мерхат Амиров атап өткендей, 2030 жылға қарай өңірде жылына 9 774 тонна тауарлық балық өндіру көзделіп отыр. Оның ішінде 8 578 тоннасы - албырт тұқымдас, 1 151 тоннасы - тұқы тәрізді, ал 45 тоннасы - бекіре тұқымдас балықтарға тиесілі.
2024 жылы облыс кәсіпорындары 1 866 тонна тауарлық балық өсірді. 2025 жылға жоспар – 2 302 тонна. Саланың негізін "ШыгысУниверсал" ЖШС, "ГрандФиш", "Алтайская Форель" және "OstFish" компаниялары құрайды. Өндіріс қазіргі заман талабына сай жүргізіледі: шетелдік және отандық уылдырықтар пайдаланылады, инкубациялық қуаттар мен аналық табын дамытылуда, - деді Мерхат Амиров. - 2030 жылға қарай салаға шамамен 15 мың тонна жем мен 16 млн дана балық шабағы қажет болады. Қазіргі таңда облыста шабақ пен дернәсіл өндіру жолға қойылған: 2024 жылдың өзінде 75 млн дана ақ сақа тұқымдас балықтың дернәсілі, 600 мың форель шабағы және 6,8 млн дана тұқы тәрізді балық шабағы өндірілді.
ШҚО-да балық шаруашылығын субсидиялау жүйесі де дамып келеді. 2024 жылы аквакәсіпорындарға жем мен отырғызу материалына 449 млн теңге көлемінде қолдау көрсетілген. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында балық шаруашылығы өнімділігі мен сапасын арттыру, сондай-ақ селекциялық балық өсіруді дамыту мақсатында 130 млн теңге бөлінді.
Өңірде кәсіпшілік балық аулаумен 16 кәсіпорын айналысады, олардың негізгі бөлігі Зайсан көлі мен Бұқтырма су қоймасында жұмыс істейді. Мұнда жалпы көлемнің 98%-ы ауланады. 2025 жылға кәсіпшілік аулау лимиті 6,7 мың тоннаны құрады, - деді маман.