Өскемен қаласын абаттандыруға 1 млрд 138 млн теңге бөлінді
Алғашқы жартыжылдықта 16 аула кешенді абаттандырылып, 16 балалар және 9 спорттық алаңы салынды

Қаладағы демалыс орындары ретке келтіріліп, көше жолдарын жөндеу жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Биыл "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы мен қалалық бастамалар аясында аулаларды абаттандыруға, балалар және спорт алаңдарын орнатуға 1 138,5 млн теңге бөлінді. Жалпы тізімге 40 учаске енді, оның ішінде 16 аула кешенді абаттандырылып, 16 балалар және 9 спорттық алаң салынды, - дейді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Абзал Мәулетханов. - Бүгінде 37 нысанда жұмыс жүргізілуде: 17 шағын сәулет формасы орнатылып, бетон негіздері дайындалды, 3 000 шаршы метрден астам брусчатка төселді, жалпы ауданы 5 000 шаршы метрді құрайтын 8 футбол алаңының негізі әзірленді.
Көпқабатты үйлер ауласындағы ішкі өтпе жолдарды жөндеу және автотұрақтарды кеңейту үшін қосымша 400 млн теңге бөлінген. 37 000 м² асфальт жамылғысын жаңарту жоспарланған, оның 17 000 м² бүгінде орындалды. Сондай-ақ тұрғындар өтінішіне сәйкес 2 000 м² жолдың шұңқыры жөнделді.
Одан өзге, қаладағы демалыс аймақтары да жаңартылуда. Мәселен, Жеңіс даңғылы мен Сәтпаев көшесінің ғимараттарына сәндік жарық шамдары орнатылды. Филармония алдындағы скверде тас төсеу жұмыстарының 86%-ы аяқталды, фонтан, жарықтандыру, суару жүйесі мен көгалдандыру жүргізілді. Қазақстан көшесінде ("Микен" маңындағы) плитка төсеу және абаттандыру элементтерін орнату жұмыстары аяқталуға жақын. Ертіс жағалауында заманауи демалыс аймағы – баскетбол алаңы, скейт-парк, мурал және тынығу орындары салынуда. Шешек тауының етегінде автотұрақтар, жол салынып, мангал орындары мен күркелер, 40 орындық орнатылды.
Қалалық жолдарды жөндеу жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Биыл орташа жөндеу 35 учаскені қамтиды. Бұл мақсатқа 3,86 млрд теңге бөлінген. Қазіргі таңда 23 учаскеде жөндеу толық аяқталды, үшеуінде соңғы кезеңде, тағы сегізінде келесі аптада басталады, - деді Абзал Мәулетханов. - Қиыршық тасты жолдарды жөндеу де қатар жүргізілуде - жоспарланған 46 шақырымның 29 шақырымы аяқталды. Қала бойынша жаңа тротуарлар төселуде: 9,6 шақырымның 2,4 шақырымы салынды. 32 000 м² аумақтың шұңқыры жөнделіп, жоспардың 76%-ы орындалды.
"Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы аясында жеті учаскеге жарық орнатылды, есептік кездесулер нәтижесі бойынша тағы 30 жоба жүзеге асырылуда. Депутаттардың тапсырмасымен үш учаскеде – автовокзал маңы, жағалау және Арматура зауыты ауданында – жарық орнатылады. Оннан астам мектепке баратын жолдар да жарықтандырылды.
Қаланың абаттандыру және инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жылдың екінші жартысында жалғасады.