ШҚО-да 800-ге жуық азамат "банкрот" деп танылды
Олардың банктер мен микроқаржылық ұйымдарға, коллекторлық агенттіктерге берешегі 8,5 млрд теңгеге жуық

Жалпы соттан тыс және сот арқылы банкрот деп тануға 6 жарым мың шығысқазақстандықтан өтініш түскен, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
2023 жылғы 3 наурыздан бастап Қазақстан Республикасының "ҚР азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" Заңы күшіне енген болатын.
Азаматтардың қарыз мәселелерін шешуге арналған Заң үш түрлі рәсімді ұсынады: соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Соттан тыс банкроттық рәсімі банктерге, микроқаржы ұйымдарына және коллекторлық агенттіктерге берешегі 1600 АЕК-тен аспайтын (6,2 млн теңгеден аспайтын) жеке тұлғаларға қолданылады. Өтініштер ХҚКО-ларда, электрондық үкімет порталы (eGov.kz) арқылы және e-Salyq Azamat пен eGov Mobile мобильдік қосымшалары арқылы беріледі. Рәсімнің ұзақтығы – 6 ай. Рәсім аяқталғаннан кейін борышкердің міндеттемелері тоқтатылады.
2023 жылғы 3 наурыздан бастап 2025 жылғы 1 маусымға дейінгі аралықта ШҚО бойынша соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану үшін 6 491 өтініш келіп түсті. Оның ішінде 4 671 өтініш бойынша бас тартылды, 1 078 өтініш қаралуда, 742 өтініш аяқталды, - деп хабарлады ШҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті. – Осылайша 1 маусымға дейін 742 азамат соттан тыс банкроттық рәсімі арқылы банкрот деп танылып, екінші деңгейлі банктерге, микроқаржы ұйымдарына және коллекторлық агенттіктерге берешектері 2 123 572 686,90 теңге көлемінде есептен шығарылды.
Сот арқылы банкроттық рәсімін азаматтар егер банктерге, микроқаржы ұйымдарына және коллекторлық агенттіктерге берешегі 1600 АЕК-тен асатын болса немесе мүліктері болған жағдайда, қарыз сомасына қарамастан қолдана алады.
ШҚО бойынша сот арқылы банкроттық рәсімін қолдануға 126 өтініш түсті. Оның ішінде 56 өтінішке бас тартылды, 50 өтініш қабылданды, 20 өтініш сотта қаралуда. Қабылданған 50 өтініштің ішінде 6 іс апелляция сатысында тоқтатылды, 15 іс әлі де рәсімде, 29 іс аяқталып, жалпы сомасы 6 361 852 888,7 теңге болатын борыштар бойынша азаматтар банкрот деп танылды, - делінген департамент ақпаратында.
Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі қарыздарды өтеу үшін соттан 5 жылға дейін бөліп төлеу мүмкіндігін береді. Бұл рәсімнің артықшылығы – азамат "банкрот" мәртебесіне ие болмайды, яғни банкроттарға қолданылатын шектеулер оған таралмайды.
ШҚО бойынша төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдануға 40 өтініш түскен. Оның ішінде 11 өтінішке бас тартылды, 16 өтініш қаралуда, 13 жеке тұлғаға 142 897 950,83 теңге көлемінде 5 жылға бөліп төлеу мерзімі берілді