Қазақстанда жеңіл қорытылатын сүт өндіріле бастайды
Елге A2A2 генотипі расталған асыл тұқымды ірі қара әкелінген

Енді Павлодар облысында гипоаллергенді A2 сүтін өндірмек, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ақпаратына сүйеніп.
Бұл дәстүрлі сиыр сүтіне сезімтал адамдар үшін жеңіл қорытылатын әрі қауіпсіз өнім.
Гипоаллергенді A2 сүті Жаңа Зеландия, Жапония, Біріккен Араб Әмірліктері, Франция және Германия сияқты елдерде кеңінен өндіріліп, жоғары сұранысқа ие. Ал ТМД елдерінде, соның ішінде Ресей мен Қазақстанда бұл өнім әлі де шектеулі түрде ұсынылып отыр, - деп мәлімдеді министрлік.
A2 сүтінің басты ерекшелігі — оның құрамында бета-казеин A1 ақуызының болмауы. Бұл ақуыз кей адамдар үшін қиын қорытылып, жағымсыз әсер тудыруы мүмкін.
Жаңа өндірістік желінің іске қосылуы Қазақстанда гипоаллергенді сүт өнімдерінің толыққанды секторын қалыптастыруға жол ашып, халық денсаулығын жақсартуға және азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға елеулі үлес қосады деп күтілуде.