Шығысқазақстандық жастар "Jas Keñes Siyligi-2025" байқауына қатыса алады
Бұл қазақстандық жастардың еңбегі мен жетістіктерін дәріптеуге бағытталған байқау

"Jas Keñes Siyligi" тәуелсіз жастар сыйлығы еліміздің экономикасы мен қоғамдық өмірінің түрлі салаларында өз кәсібінде жоғары нәтижеге жеткен, 35 жасқа дейінгі белсенді жастарға беріледі, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Өткен жылғы байқау жеңімпаздарының бірі, "Өнеркәсіп" номинациясының иегері Ернұр Токушев бүгінде "Өскемен ЖЭО" ЖШС-ның аға машинисі болып еңбек етеді. Ол өзінің кәсіби тәжірибесі мен байқауға қатысу барысы туралы ой бөлісіп, жас мамандарды белсенділік танытып, өз мүмкіндіктерін пайдалануға шақырады.
Биыл жобаның ауқымы бұрынғыдан да кеңейіп отыр. Өткен жылы 7 номинация ұсынылса, биыл олардың саны 10-ға дейін ұлғайды. Сонымен қатар, жаңа бағыттар енгізілді. Енді байқауға жас ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен дәрігерлер, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, креативті индустриялар және атом өнеркәсібі салаларының жас мамандары да қатыса алады, - деп түсіндірді ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшесі Бақытжан Ерболқызы.
Жаңа номинациялар тізімі мыналарды қамтиды:
- "Janqıarlyq" – ішкі істер органдары мен қарулы күштер қызметкерлеріне;
- "Altyn jürek" – дәрігерлер мен орта және кіші медицина қызметкерлеріне;
- "Önerkäsıp" – өңдеу өнеркәсібі, тау-кен-металлургия кешені және өзге өндірістік сектор өкілдеріне;
- "Bolaşaq turaly qamqorlyq" – инклюзивті оқу орталықтары мен әлеуметтік қызмет көрсету мекемелері қызметкерлеріне, сондай-ақ волонтерлерге;
- "Bılım jäne Ğylym" – білім беру ұйымдарының педагогтеріне, ғалымдар мен ғылыми қызметкерлерге;
- "Qaisar" – авариялық-құтқару қызметі мен азаматтық қорғаныс жүйесінің қызметкерлеріне;
- "Altyn qol" – жұмысшы мамандықтарының өкілдеріне және елді мекендердің тіршілігін қамтамасыз ету саласындағы мамандарға;
- "Zharyq" – энергетика, мұнай-газ және атом өнеркәсібі салаларының қызметкерлеріне;
- "Örken" – агроөнеркәсіп кешені мен азық-түлік өндірісі саласындағы мамандарға;
- "Örleu" – ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және креативті индустриялар өкілдеріне арналған.
Байқауға қатысу шарттары өзгеріссіз қалды: үміткерлердің жасы 35-тен аспауы тиіс (35 жас қоспағанда). Өтінімдерді қабылдау 2025 жылғы 20 маусым мен 20 шілде аралығында жүргізіледі. Қатысушылар өтініштерін онлайн түрде www.jas-kenes.kz/application сайтында тапсыра алады.
Айта кетейік, конкурс үш кезеңнен тұрады. Қорытындысында әр номинация бойынша екі жеңімпаздан, жалпы саны 20 жеңімпаз анықталады. Жүлде қоры – 20 миллион теңге, әр жеңімпазға 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сый табысталады.
Жобаның толық ережелері мен байқауға қатысу шарттары туралы мәліметті www.jas-kenes.kz сайтынан алуға болады.