ШҚО-да өндірілетін үздік тауарлардың байқау-көрмесі ұйымдастырылды
Өскемен қаласында өңірдегі жетекші тауар өндірушілері қатысқан "Қазақстанның үздік тауары – 2025" жыл сайынғы байқауы өтті

Сондай-ақ "Бір ауыл – бір өнім" көрмесі мен "Ауыл Аманаты" жобасына қатысушылардың өнімдері таныстырылды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
ШҚО әкімдігі мен Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған байқау-көрменің басты мақсаты – жергілікті өндірушілерді қолдау, тауарлар мен қызметтердің сапасын арттыруға ынталандыру, отандық брендтерді ілгерілету және өңірдегі өндірісті дамыту. Бұл көрме жәрмеңке форматында өтті. Көрмеге қатысушылар әлеуетті бизнес әріптестері және жеткізушілерімен жаңа іскерлік байланыстар орнатуға қосымша мүмкіндік алды.
Біздің облысымыз көркем табиғатымен, өндірістік кәсіпорындарымен, ауыл шаруашылығы өнімдерімен және қолөнершілерімен танымал. Жыл сайын бұл көрмеде өңірімізде өндірілетін өнімдердің түрі көбейіп келеді. Бүгінгі таңда өнімдеріміз сапалы бола түсті, біз өндіріс жүргізуді үйрендік және шетелдік тауарлармен бәсекелесе аламыз. Шығысқазақстандық кәсіпорындар республикалық байқауларда жүлделі орындардан көрініп жүр. Бұған дейін "Силумин-Восток" ЖШС, "Эмиль" ЖШС, "Восток-Молоко" ЖШС, "Бриссоль" ЖШС, "Пасека" шаруа қожалығы және басқа да танымал кәсіпорындар жеңімпаз атанған болатын. Биылғы байқаудың тоғыз жүлдегері "Қазақстанның үздік тауары" республикалық көрмесіне қатысу үшін елордамыз – Астана қаласына "Қазақстанда жасалған" брендімен барады. Барша қатысушылар мен қонақтарға көрме бойынша күткен нәтижеге жетуін және табысты еңбек тілеймін! – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Байқауға қатысушылар үш номинация бойынша өз өнімдерін ұсынды: "Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар", "Халық тұтынатын үздік тауарлар" және "Үздік азық-түлік тауарлары".
Шара соңында "Қазақстанның үздік тауары – 2025" байқау-көрмесінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Жеңімпаздар республикалық байқауға жолдама алса, "Бір ауыл – бір өнім" жобасының финалистері 5 млн теңгеге дейінгі гранттық қаржыландыруға қатыса алады.