Өскемендегі Жамбыл гимназиясының есепшілері 144 млн теңге жымқырған
Мектеп-гимназияның екі есепшісі 2017 жылдан бері мемлекет қаражатын қалталарына басып келген

Олар сотта өз кінәсін мойындап, өкініш білдірген, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Өскемен қаласының №2 сотында Өскемен қаласындағы Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының бас бухгалтері және бухгалтеріне қатысты қылмыстық іс қаралды. Олар қызмет бабын пайдалана отырып, алдын ала сөз байласу арқылы топтасып, аса ірі көлемде бюджет қаражатын иемденіп, ысырап еткен.
Сот анықтағандай, екі есепші 2017 жылғы қаңтар айынан бастап 2024 жылғы тамыз айына дейінгі аралықта алдын ала сөз байласу арқылы 144 622 868 теңге көлемінде ақша қаражатын жымқырған, - деп хабарлады ШҚО соты. - Кінәні мойындау және шын жүректен өкіну сияқты жазаны жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, сот оларға ҚР ҚК-ның 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша 7 (жеті) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сондай-ақ, сотталғандардан мектеп пайдасына 144 622 868 теңге көлеміндегі материалдық шығынды өндіру жөнінде шешім шығарылды.