Ақ халатты абзал жандар Президент қолынан марапат алды
Маусымның үшінші жексенбісі - медицина қызметкерлері күні

Кәсіби мереке қарсаңында қарсаңында Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет дәрігерлерді Ақордада қабылдады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Халқымыз "Бірінші байлық – денсаулық" деп бекер айтпаған. Шын мәнінде, ұлт саулығы – еліміз үшін аса маңызды құндылық. Әлемнің "екінші ұстазы" – әл-Фараби медицинаны өнер деп бағалаған. Расында, дәрігер болу – жүректің ісі. Бұл – екінің бірі аяқ баса бермейтін жүгі ауыр, күрделі жұмыс. Медицина қызметкерлері – ұлт саулығының сақшылары, ең қадірлі мамандық иелері. Әсіресе, жаһандық індет, яғни, ковид кезінде бүкіл ел дәрігерлердің адал қызметіне куә болды. Күрделі кезеңде медицина мамандары мыңдаған адамды құтқарып қалды. Біз абзал жандардың табанды еңбегін бағалаймыз. Олардың қайсарлығын мақтан тұтамыз. Бір адамның өмірін құтқару барша адамзатты құтқарумен бірдей. Дәрігерлер ота кезінде, аурухана палатасында күн сайын ерлік жасайды десек, артық болмайды. Жедел жәрдем көлігінде адам өміріне араша түсетін сәттер болады. Сондықтан сіздер, құрметті медицина қызметкерлері, бейбіт күннің батырлары деген атқа лайықсыздар. Мен барша медицина мамандарына зор ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ дәрігерлері қай кезде болсын, ел мүддесін бәрінен биік қоя білгенін, ұлт қайраткерлері Халел Досмұхамедов пен Санжар Асфендияровтың белгілі дәрігер болғанын, олар халқымыздың азаттығы үшін де, саулығы үшін де аянбай күрескенін атап өтті.
Менің тапсырмаммен былтырдан бастап "Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері" атағы беріле бастады. Бұл – медицина қызметкерлеріне деген айрықша құрметтің белгісі. Соңғы 5 жылда денсаулық сақтау саласындағы жалақы екі есеге жуық өсті. Медицина кадрларын даярлайтын жоғары оқу орындары мен колледждердің шәкіртақысы көбейді. Жас мамандардың білікті дәрігерден тағылым алып, кәсібіне тез бейімделіп кетуіне барынша жағдай жасалуда. Жалпы, денсаулық сақтау ісіне бөлінетін қаржы жыл өткен сайын артып келе жатыр. Биыл оның көлемі 2,6 триллион теңгеге жетті. Мемлекет медицина қызметкерлеріне қолдау көрсете береді. Дәрігерді халықтың қамқоршысы деуге болады. Барша жұрт мұны терең түсініп, оларға әрдайым құрмет көрсетуге тиіс. Өкінішке қарай, қоғамда дәрігердің жұмысына кедергі жасап, тіпті, қоқан-лоқы көрсететін адамдар әлі де бар. Медицина қызметкерінің қауіпсіздігіне қатер төндіретін заңсыз әрекетке жол беруге болмайды. Қоғамдық тәртіпті бұзатын осындай адамдар міндетті түрде заң аясында жауапкершілікке тартылады. Заң мен тәртіп барлық жерде бірдей қатаң сақталуға тиіс. Біз сонда ғана Әділетті әрі Қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз. Осы орайда медицина қызметкерінің рөлі айрықша, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Жарлығымен отандық медицинаны дамытуға қосқан елеулі үлесі және азаматтардың денсаулығын сақтаудағы қажырлы еңбегі үшін сала мамандары наградталды.