Шығыстағы әскери дәрігерлер қалай жұмыс істейді?
Ұлттық ұланның "Шығыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты медицина басқармасында жүзге тарта медициналық қызметкер жұмыс істейді

Алты медициналық пункт пен бір лазарет бар, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі ақпаратына сүйеніп.
Әскери дәрігерлер сарбаздардың денсаулығын қатаң бақылауда ұстап, алдын алу шараларына ерекше мән береді. Мамандардың айтуынша, заманауи цифрлық технологиялар, оның ішінде "Damumed" ақпараттық жүйесі, әскери қызметшілердің денсаулығын тиімді қадағалауға мүмкіндік береді.
Кейбір сырқаттар бала кезде басталып, уақыт өте келе қайта қозуы мүмкін. Мәселен, әскерге келген сәтте денсаулығы қалыпты көрінген сарбазда кейін бұрынғы ауру белгілері байқалуы ықтимал. Сондықтан біз әрбір әскери қызметшіні мұқият тексеріп, қажет болған жағдайда профилактикалық ем-шаралар жүргіземіз, – дейді "Шығыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты медицина басқармасының медицина қызметінің сапасын бақылау жөніндегі офицер, капитан Арайлым Рамазанова.
Медицина басқармасы құрамында 30 дәрігер мен 77 орта буын медициналық қызметкер жұмыс істейді. Басқарма құрамында алты медициналық пункт пен бір лазарет бар. Сондай-ақ, басқарма заманауи үлгідегі жеті санитарлық автокөлікпен жабдықталған.
Әскери дәрігерлер тек алғашқы көмек көрсетумен шектелмей, амбулаторлық-емханалық және стационарлық медициналық қызмет түрлерін де ұсынады. Бұл шаралар сарбаздардың денсаулығын ұзақ мерзім бойы сақтау мен әскери дайындықты арттыруға бағытталған.