Өскеменнің кіре берісіндегі Шешек асуында демалыс аймағы пайда болады
Өскемендіктер қыста да, жазда да Шешек тауына келіп демалғанды жақсы көреді

Енді мұнда бақылау алаңы бар серуендейтін демалыс аймағы пайда болады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Облыс әкімім Нұрымбет Сақтағанов Өскемен қаласындағы абаттандыру жұмыстары жүріп жатқан нысандарды аралап шықты. Ол Самар тас жолының бойында, Шешек тауы маңында салынып жатқан серуендеу, жаяу жүргіншілер аймағына да барды.
Бұл – Өскемен қаласының көрнекті орындарының бірі. Қала тұрғындары мен қонақтары бұл жерге жазда да, қыста да келіп демалады, бірақ өкінішке орай, бейберекет болып тұр. Сондықтан біз бұл жерде барлық қажетті жағдайды жасап, тұрғындарымыз үшін қоғамдық демалыс орнын ұйымдастыруымыз керек. Ең алдымен автотұрақ салып, Шешек маңын, соның ішінде бұлақтарды абаттандыру, сондай-ақ “Өскемен” деген жазуды барлық жағынан жарықтандыру қажет. Мұнда мангал қоюға арналған аймақ пен балалар алаңқайы, сондай-ақ күркелер орнатылады, адамдар еркін жүріп-тұруы үшін жаяу жүргіншілер жолдары салынады. Ашық ауада белсенді демалыс – тұрғындарымыз үшін аса маңызды, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Құрылыс жұмыстарын мердігер – "DAN-invest" ЖШС жүргізіп жатыр. Жоспар бойынша 20 мамырда басталған жұмыстар қала күніне орай аяқталуы керек. Алайда мердігерлер жаңа демалыс аймағын облыс орталығы тұрғындары үшін жоспарланған мерзімнен ертерек аяқтауға уәде берді.