Өскеменде жас мемлекеттік қызметшілердің ант беру рәсімі өтті
Облыс орталығында ҚР Мемлекеттік рәміздері күніне арналған салтанатты шара өтті

Оған облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен мемлекеттік қызметшілер қатысты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай жас мемлекеттік қызметшілер ант беріп, облыстағы мемлекеттік қызметшілер қатарына қосылды. Жас мамандарға қызметтік куәліктер табысталды.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнімен құттықтаймын! Бұл күн еліміздің әрбір азаматы үшін ерекше маңызға ие. Өйткені Елтаңба, Ту және Әнұран – бұл жай ғана мемлекеттің белгілері емес, халқымыздың азаттыққа, бейбітшілік пен өркендеуге деген ұмтылысын, ел тарихының тағылымын бейнелейді. Қазақстанның Туы әрқашан да қуатты, бейбіт әрі біртұтас мемлекетіміздің үстінде желбірей берсін! Елтаңбамыз тұрақтылық пен әділеттіліктің символы болсын! Әнұранымыз әрқайсымызды Отан үшін игі істерге шабыттандырып отырсын! - деді облыс басшысы.
Бүгінгі күні жас қызметшілердің ант беруі де ерекше мағынаға ие. Бұл – жай ғана рәсім емес, Тудың астында, Елтаңбамен, жүректе Әнұранмен қызмет етуге берілген саналы уәде. Бұл – халық пен Отан алдындағы жеке жауапкершіліктің, мемлекеттік қызметке адалдықтың айғағы.