Астанада Мемлекеттік ту көтеру рәсімі өтті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы "Атамекен" этномемориалды кешенінде өткен Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты

Құрмет қарауылының бастығының рапортынан кейін еліміздің әнұраны шырқалып, көк байрағымыз көтерілді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Ұлт рәміздері – Тәуелсіздігіміздің киелі бойтұмары. Елтаңба, Ту және Әнұран – мызғымас мемлекеттігіміздің белгісі. Қастерлі нышандарымыз Қазақстанның егемен ел, еңселі жұрт екенін жер жүзіне әйгілейді. Байрағы биік елдің рухы асқақ болады. Сондықтан біз осы мейрамға орай жыл сайын көк Туымызды биікке көтереміз. Бабаларымыз "Туыңды тік ұста!" деп өсиет қалдырды. Осы аманатқа адал болу – баршаға ортақ парыз. Бүгінде көк байрағымыз қастерлі Отанымыз – Қазақстанның бейбіт аспанында желбіреп тұр. Оны кейінгі ұрпаққа табыстау – қасиетті борыш, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазір көк Туымыздың беделін бүкіл әлем мойындайды. Байрағымыз БҰҰ төрінде тұр. Оны альпинистеріміз жер шарындағы ең биік шыңдарға көтерді. Спортшыларымыз талай мәрте жеңіс тұғырына шығарды.
Биыл жауынгерлеріміз бітімгерлік миссиясын көк байрақтың астында тұңғыш рет дербес орындап келді. Азаматтарымыздың, мемлекетіміздің осындай жетістіктері Қазақстанның қуатты әрі жасампаз ел екенін көрсетеді. Мемлекеттік рәміздер – ел мақтанышы. Елтаңбамыз, көк Туымыз бен Әнұранымыз әр азаматтың жүрегінен ерекше орын алады. Бұл – нағыз отаншылдық белгісі. Ұлт нышандары – халқымыздың болмыс-бітімінің айнасы, жарқын болашағымыздың кепілі, – деді Мемлекет басшысы.
Салтанатты рәсімде жоғары әскери оқу орындарының 14 үздік түлегі Қазақстан Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысының қолынан офицерлік шен алды.