Өскемендіктер Сағадат Нұрмағамбетовтің ерлігін еске алып, құрмет көрсетті
Бүгін Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 101 жыл толды

Осыған орай Өскеменде батырды еске алу шарасы өтті, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Өскемен гарнизонының №27943 әскери бөлімінің әскери қызметшілері, "Шығыс" Өңірлік әскерлері қолбасшысының орынбасары полковник Дархан Ажибаев, ШҚО Қорғаныс істері жөніндегі департамент өкілдері, қалалық 24 мектеп директоры Ләззат Мәуітхан, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің ардагерлері Сағадат Нұрмағамбетовтің ескерткіші маңында жиналды. Батырдың мүсініне гүл шоқтары қойылып, оның ерлігі мен елге сіңірген еңбегі ерекше құрметпен еске алынды.
Сағадат Қожахметұлы – ерліктің символы. Оның есімі Қазақстан Қарулы күштерінің тарихында алтын әріптермен жазылған. Осындай шаралар жас буынға үлгі болып, отансүйгіштік рухты нығайта түседі, – деді полковник Дархан Ажибаев.