Шығысқазақстандық оқушылар Сәбира жайлы ой толғап, арнау жазды
Өскеменде Сәбира Мұхамеджановаға арналған эссе және арнау өлең байқауының жеңімпаздары анықталды

Желтоқсан көтерілісінің құрбаны Сәбира Мұхамеджанованы еске алуға арналған "Қаһарман қыз Сәбира" атты облыстық байқауын ұйымдастыруға ұйытқы болған "Желтоқсан-86" қоғамдық бірлестігі, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Бұл байқауға облыстың әр аймағынан, Өскемен қаласындағы мектептер мен білім беру мекемелерінен 60-қа жуық өтініш түсті. Байқау екі бағытта - эссе және арнау өлең жанрларында өтті. Сын мен сарапқа түскен 40-тан астам эссенің ішінен тек 8 туынды үздік деп танылды. Қазылар алқасы оқушылардың ой тереңдігіне, тілдік сауаттылығына, құрылымдық сауаттылық пен көркемдік шеберлігіне баса назар аударды, - деп мәлімдеді А.С. Пушкин ат. Облыстық кітапхананың баспсөз қызметі.
Байқаудың басты бөлігі - арнау өлеңдер додасында Өскемен қаласынан, Тарбағатайдан, Зайсаннан және Семей өңірінен келген 20-дан астам оқушы Сәбираға арнаған жүрекжарды жырларын оқып, залға жырмен үн қатты. Бұл - Сәбира рухына деген шынайы құрмет пен алғыс еді.
Байқауға Желтоқсан оқиғасының тірі куәгері, ұстаз Ерлан Рымбеков Қайырұлы, актер әрі режиссер Ербол Асемханов және жас ақын Естай Жаңабай әділ қазылық еті. Сондай-ақ Ақтөбе өңірінен арнайы шақырылған қобызшы, желтоқсаншы Жетес Ермекұлының қатысуы шара шырайын аша түсті.
Жас дарындар өнері мен өлеңі арқылы Сәбира рухын тірілтіп, тәуелсіздік үшін жанын қиған қайсар қыз бейнесін жас жүректерге жақындата түсті.
Байқау соңында 14 жеңімпаз анықталды:
- Бас жүлдені Әли Ермекұлы мен Назерке Мэлсқызы қанжығалады
- 1-орынды Аруна Ануарқызы мен Айшолпан Ахатбековаға бұйырды
- 2-орынды Бинур Садақова, Ермұхамет Ақылбекұлы және Айзада Ақзамбекова еншіледі
- 3-орынды Инабат Пазылбек, Аружан Серік, Рамина Рафисова және Алтын Маликова иеленді