Өскеменде жоғалған жасөспірім бейнебақылау камераларының көмегімен табылды
Өскемен тұрғыны полицияға 17 жастағы студент ұлының сабақтан соң үйге қайтпағанын хабарлаған

Жасөспірім саяжай аумағынан табылды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Өскемен қаласы Полиция басқармасының Жедел басқару орталығына жергілікті тұрғын 17 жастағы ұлының жоғалып кеткені туралы хабарлаған. Әйел адамның айтуынша, ұлы таңертең колледжге кеткен, алайда үйге оралмаған. Сабақ кестесіне сәйкес, жасөспірім сағат 15.00-де үйде болуы тиіс еді, алайда белгіленген уақытта келмеген. Анасы бірнеше рет телефон шалғанымен, баласының ұялы телефоны сөндірулі болған, - деп мәлімдеді ШҚО ПД баспасөз қызметі.
Жоғалған баланы өз бетінше іздегенімен таппаған ана көмекке полицияға жүгінген. Полицейлер бірден іздеуге кірісіп, колледжден үйге дейінгі бағыттағы барлық бейнебақылау камералары тексеріліп, қаланың түрлі аудандарындағы жазбалар зерделенді. Жиналған деректер негізінде жасөспірімнің қозғалыс хронологиясы жасалды.
Полйцейлер жасөспірімді саяжай аумағынан тапты. Тәртіп сақшыларына берген түсініктемесінде бала бірнеше күн бойы сабаққа бармағанын, компьютерлік ойындар ойнағанын, ата-анасынан қорқып үйге бармағанын айтқан.
Кәмелетке толмаған жасөспіріммен ата-анасының қатысуымен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, мұндай әрекеттің салдары, оның ішінде жеке қауіпсіздік, күн тәртібін сақтау және заңды өкілдер алдындағы жауапкершілік мәселелері түсіндірілді.