Иван Гагарин 7 жасынан тылда еңбек етті
Бүгінде 90-ға келіп қалған қария 33 жылға жуық КСРО Қарулы Күштері қатарында қызмет еткен

Ұлттық ұланның "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы Отан қорғаушылар күніне орай өз ардагерлерін мерекемен құттықтап, арнайы құрмет көрсетті, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
"Шығыс" өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары подполковник Арман Сеитов және қолбасшының кеңесшісі, ардагерлер кеңесінің төрағасы отставкадағы полковник Айдар Оразбаев Отан соғысының тыл қызметкері және Ұлттық ұлан ардагері, отставкадағы подполковник 90 жастағы Гагарин Иван Фёдоровичті Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесі қарсаңында арнайы құттықтап барды. Тоқсаннан асқан тыл еңбеккері әлі де тың. №5518 әскери бөлімінің әскери оркестрі қарияның құрметіне есік алдында шағын концерт ұйымдастырды.
Біз ардагерлерді қашанда құрмет тұтуымыз керек. Өйткені алдағы буын ағаларға қарап жастарымыз бой түзейді. Сондықтан біз әр мерекеде өз ардагерлерімізді ұмытпай, үйлеріне арнайы барып, сыйлықтар мен алғыс хаттарымызды табыстап, барынша құрмет көрсетіп келеміз, - деді подполковник Арман Сеитов.
"Шығыс" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі мәлімдегендей, 27 қыркүйекте Иван Федорович өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтті. Ол еңбек жолын 7 жасынан колхозда бұзау бағуға және көкөніс көшеттерін күтуге көмектесуден бастады. 1954 жылы 1 қыркүйекте КСРО Қарулы Күштеріне шақырылып, 33 жылға жуық қызмет етті. 1992 жылдан 1996 жылға дейін №6638 әскери бөлімінің ардагерлер кеңесінің төрағасы болды. Иван Федорович III дәрежелі "КСРО Қарулы Күштеріндегі Отанға қызмет еткені үшін" ордені, "В.И. Лениннің 100 жылдығына арналған әскери ерлігі үшін", "КСРО Қарулы Күштерінің ардагері" медальдары және көптеген мерейтойлық медальдармен марапатталған.