Қасым Қайсенов ауылындағы Батырлар аллеясы жаңартылды
Бүгін Ұлан ауданында Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты шара өтті

Оған облыс әкімі арнайы барып қатысты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Шара алдында Қасым Қайсеновке арналған мурал ашылып, Батырлар аллеясының алаңында соғыс жылдарындағы әндер шырқалды.
Мемориалдық стелла Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысының ардагерлеріне арналған. Бұл – біздің тарихымызға деген құрметтің, батыр бабаларымызға шексіз тағзымның белгісі. Ұлан өңірі – Отанды қорғау тарихына алтын әріптермен жазылған 9 Кеңес одағының батыры мен бір Халық Қаһарманының туған жері. Олардың арасында ерекше орын алатын – аты аңызға айналған партизан, жазушы, жерлесіміз Қасым Қайсенов. Облыста батырлардың есімін ұлықтау бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Биыл Ұлан ауданында 6 ескерткіш жаңартылып, Қасым Қайсеновке арналған мурал салынды. Бұл жұмыстар – өткенге деген құрметіміздің айқын көрінісі және жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңызды құралы. Біз Батырлар аллеясы халықты рухтандырып, жас буынды Отанға деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелейтін киелі орынға айналады деп сенеміз, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Шараға Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің ұлы Болат Қайсеновтің қатысуы кент тұрғындары үшін үлкен мәртебе болды.
Осы орайда айта кетейік, Нұржау көшесіндегі №9 тұрғын үйдің қасбетіне Халық Қаһарманына арналған мурал салынды.