Шығысқазақстандық боксшылар Азия чемпионатының жеңімпазы атанды
24-30 сәуір аралығында Амман қаласында (Иордания) 15-17 жастағы жасөспірімдер арасында бокстан Азия чемпионаты өтті

Әлемдік турнирде Қазақстан құрамасында Шығыс Қазақстан облысының бес спортшысы бақ сынап, екеуі алтыннан алқа тағынды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
49 келіде шаршы алаңға шыққан Алтай қаласының тумасы Шыңғыс Ахметов пен 52 келіде жұдырықтасқан Темірәлі Темірбаев еліміздің көк байрағын желбіретті. Қос спортшының да жаттықтырушысы - Серік Сембиев.
Айта кету керек, бұл - жаңадан құрылған World Boxing ұйымының 15 және 17 жастағы өрендерге арналған алғашқы құрлықтық жарысы.
Байрақты бәсекеге 18 елден 400-ден аса қатысушы жиналды. Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 16 алтын, 15 күміс және 13 қола жеңіп алып, жалпы есепте топ басына жайғасты.