Зубовск ауылында тұрғын үйлердің ауласын су басты
Бұқтырма өзенінде су деңгейі және Поганка өзеніндегі жер асты сулары көтерілді

Осыған байланысты 10 тұрғын үйдің және 3 ғимараттың іргелес аумақтарына су жайылды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметі ақпаратына сүйеніп.
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов жұмыс сапарымен Алтай өңірінде болып, атқарылып жатқан шаралармен танысты.
30 сәуірде екі күн бойы жауған жауын-шашын қардың қарқынды еріп, Бұқтырма өзені деңгейінің шектік деңгейден көтерілуіне әкелді. Сонымен қатар, Зубовск кентінде жер асты суларының көтерілуіне және Поганка өзеніндегі бөгеттерден су төгілуіне байланысты 10 тұрғын үйдің және 3 ғимараттың іргелес аумақтарына су жайылды.
ШҚО ТЖД мамандары бау-бақшаларды басқан 4250 метр куб суды сорып алды, сондай-ақ 2 мың қап құм төселді. Бөгетті бекіту үшін 980 тонна тау жынысы әкелініп, 2000 дана қаптар дайындалып, бөгеттің ішкі жағынан дренажды жерлерге ұзындығы 60 метрлік полиэтилен үлдір төселді.
1 мамыр күні ұшқышсыз ұшатын аппарат арқылы Зубовск кентінде барлау жүргізілді. Соның нәтижесі бойынша бөгетті нығайту жұмыстары жүріп жатыр. Оқиға орнында жедел штаб жұмысі стеуде. Облыс басшысы жағдайды жіті қадағалап отыруды тапсырды, - деп мәлімдеді облыс әкімінің баспасөз қызметі. - Су деңгейіне тәулік бойы мониторинг жүргізіліп отыр. Соңғы жедел ақпаратқа сәйкес, тұрғын үйлерді су басу қаупі жоқ, тұрғындарды эвакуациялау қажет емес. Бұқтырма өзеніндегі су деңгейі 73 см-ге төмендеп, 535 см-ді құрап отыр, қауіп сейілді.