Өскемен тұрғыны терезеден секірмек болды
25 жастағы ер адам 9-қабаттың балконынан секірмекші болған

Бүгін қалалық полиция қызметкерлері қайғылы оқиғаның алдын алды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
17 сәуір күні таңғы уақытта Өскемен қаласы полиция басқармасына тұрғын үйдің 9-қабатындағы балконнан секірмек болған жас жігіт жөнінде шұғыл хабарлама келіп түскен, - деп хабарлайды ШҚО ПД.
Аталған мекенжайға дереу Өскемен қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының қызметкерлері – полиция инспекторлары Қайрат Ташкенбаев пен Ерасыл Мұратханов жеткен. Қызметтік іс-қимыл барысында бір инспектор көше деңгейінде қауіпсіздік шараларын ұйымдастырса, екіншісі жоғарғы қабатқа көтеріліп, балконның сырт жағында тұрған азаматпен тілдесуге кіріскен.
Полиция қызметкерінің айтуынша, 25 жастағы азамат ауыр психоэмоционалдық жағдайда болған. Әңгімелесу барысында инспектор оның сенміне кіріп, оның есірткіге тәуелділігі бар екенін және жалғыздық сезімі мазалайтынын анықтаған. Тәртіп сақшысы азаматпен өмірдің құндылығы, қиындықтарды жеңу жолдары және жаңа бетбұрыс жасау мүмкіндіктері туралы әңгіме өрбіткен.
Инспектор Ерасыл Мұратхановтың кәсіби әрі адамгершілік әрекеттерінің нәтижесінде азамат өз еркімен балконның қауіпсіз жағына өтіп, кейін жедел жәрдем қызметіне тапсырылды.