Өскеменде әскери борышын өтеген 450 сарбаз үйлеріне қайтты
Өскемен гарнизонының №27943 әскери бөлімінде сарбаздар Отан алдындағы борышын абыроймен аяқтады

450-ден астам сарбаз соңғы рет салтанатты сапқа тұрғызылып, жауынгерлік күндерімен қоштасты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Салтанатты шара барысында әскери бөлім басшылығы сарбаздарға алғысын білдіріп, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ерен еңбектері мен тәртіпке деген адалдықтарын ерекше атап өтті.
Бұл – әрбір жауынгердің есінде мәңгі қалатын, үлкен өмір жолындағы маңызды кезеңнің бірі. Сарбаздар бір жыл бойы әскери тәртіп пен ережені меңгеріп, жауынгерлік дайындықтарын шыңдады. Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп, нағыз азамат болып қалыптасты. Ендігі жолдары ашық, өмірлері мәнді болсын! – деді №27943 әскер бөлім командирі полковник Азамат Абикенов.
Шараға арнайы келген ата-аналар да ерекше қуаныш пен толқыныста болды. Балаларын әскери қызметке тәрбиелеп, Отан алдындағы борышын адал атқаруға жол сілтеген ата-аналарға әскери бөлім басшылығы тарапынан алғыс хаттар табысталды.
Сонымен қатар, сарбаздармен бірге естелік ретінде бөлім аумағында шырша ағаштары отырғызылды.
Жауынгерлік өмірдегі бір жылымыз зулап өтті. Казармаға алғаш рет кіріп, Отан алдында адал қызмет етуге ант берген едік. Енді, міне, бір жылды да абыроймен өткізіп, қайтып барамыз, – деді қатардағы жауынгер Алтынбақ Октябрұлы.