ШҚО-да жастар арасында қаржылық қауіпсіздік бойынша quiz өтті
Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан жастары арасында зияткерлік сайыс ұйымдастырылды

Оған өңірдің үш ірі жоғары оқу орындарының студенттері мен жастар ресурстық орталығының командасы қатысты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Танымал форматтағы бұл ойын қаржылық қауіпсіздіктің негізгі қағидаларын үйренуге, жеке капиталды қорғауға және қаржылық сауаттылықты дамытуға бағытталған.
Шараны облыс әкімдігінің қолдауымен ШҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті және С. Аманжолов атындағы ШҚУ ұйымдастырды.
Зияткерлік сайыста барлығы 8 команда бақ сынады: С. Аманжолов атындағы ШҚУ, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ, ҚАЕУ студенттерінің командалары және облыстық жастар ресурстық орталығының командасы.
Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері еліміздің жоғары оқу орындары мен колледждерінде ғылыми-оқытушылық құраммен бірлесіп жастар арасында қаржылық қауіпсіздікті арттыру мақсатында дәрістер өткізуде. Біздің өңірдің 30 мың студенті қамтылды. Онда студенттерге қаржы пирамидаларды қалай анықтауға болатынын, дроппер дегеніміз не, оған қалай тартылатыны және бұған байланысты қандай жауапкершілік бар екендігі түсіндірілді. Бүгін бір апта бойы өткізілген дәрістерді қорытындылай келе студенттер арасында зияткерлік сайыс өтеді. Жеңімпаздар Астанада өтетін Ұлттық олимпиадаға жіберіледі. Сондай-ақ, С. Аманжолов атындағы ШҚУ осы Ұлттық олимпиада аясында студенттер арасында сурет байқауын жариялаған болатын. Оған 150 шақты жұмыс ұсынылған, бүгін үздік сурет таңдалып, марапатталады, - деді ШҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Арман Жүнісов.
Зияткерлік сайыс жеті кезеңнен тұрды және қаржының түрлі аспектілерін – бюджетті жоспарлаудан бастап, алаяқтықтың алдын алу мен тәуекелдерден қорғануға дейін қамтиды.
"Қаржылық қауіпсіздік бойынша Quiz" ойынында жеке қаржы, инвестиция, қаржылық тәуекелдерден қорғану, сақтандыру және банк қызметтері туралы 100-ден астам сұрақ қарастырылады. Бұл ойын жастарға өз қаржысын басқару дағдыларын қызықты әрі ойын түрінде дамытуға көмектеседі, – деді Amanzholov University ректоры Мұхтар Төлеген.
Quiz жеңімпаздарына қаржылай сыйақы да қарастырылған: 1-орынға 200 мың теңге, 2-орынға 150 мың теңге, 3-орынға 100 мың теңге.
Зияткерлік сайыс қорытындысы бойынша:
- Parasyz profi - ВКУ
- Қаржы Сарапшылары - ВКУ
- Mugalim boys - ВКУ
Еске сала кетейік, 20 наурыз бен 18 сәуір аралығында қаржылық қауіпсіздік жөніндегі Ұлттық олимпиадаға тіркелу жүргізілуде. Олимпиадаға "Құқықтану", "Экономика", "Халықаралық қатынастар", "Ақпараттық қауіпсіздік" білім беру бағдарламалары бойынша 2-3-курс студенттері мен 1-курс магистранттары қатыса алады.
Олимпиаданың мақсаты – жастардың қаржылық-құқықтық сауаттылығын арттыру, қаржылық қауіпсіздік саласындағы қазіргі трендтерді көрсету және осы саладағы қауіптер мен тәуекелдерге қарсы тұруды үйрету.Олимпиада жеңімпаздары биыл қыркүйек айында Ресей Федерациясының Красноярск қаласында өтетін Халықаралық қаржылық қауіпсіздік олимпиадасына барады.