ШҚО-да мемлекеттік қызметшілер арасындағы спартакиада басталды
Спорттық жарыстарға облыстан 950 мемлекеттік қызметші қатысады

Жеңістің 80 жылдығына орайластырылған XVIII мемлекеттік қызметшілер спартакиадасы Өскеменде өтіп жатыр, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежіндегі ашылу салтанатында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов бұл жарыста маусым айында республикалық спартакиадаға қатысатын Шығыс Қазақстан құрамасы анықталатынын атап өтті. Бұл дода да Өскеменде өтетінін айта кеткен жөн.
Мұндай спорттық іс-шараларға қатысу табандылықты, қайсарлық, жеңіске деген жігерді қалыптастырады. Бұл – кәсіби қызметте жоғары нәтижелерге жету үшін мемлекеттік қызметшілерге қажетті қасиеттер. Сонымен қатар, спорт ұжымшылдық пен бірлікті нығайтады, – деді облыс әкімі.
Айта кету керек, Шығыс Қазақстанда жұмыс істейтін 1974 мемлекеттік қызметшінің ішінен 950-і, оның ішінде 175 әйел, спартакиадаға қатысады. Олар сегіз спорт түрі бойынша бақ сынайды: футбол, волейбол, тоғызқұмалақ, арқан тартыс, үстел теннисі, жүзу, шахмат және садақ ату.