Шығыстағы облыстық кітапхана қоры электронды форматқа көшіріле бастады
А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында Кітапхана қорын цифрландыру орталығы ашылды

Баспа қорын цифрландыруды жеделдету үшін кітапханаға екі жаңа I2S CopiBook Open System планетарлық сканері сатып алынған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы Жолдауында цифрландыру саласында қол жеткізілген нәтижелерді күшейту міндетін алға қойды. Бұл жұмыстың негізгі бағыттарының бірі – кітапхана қорларын электронды форматқа көшіру. А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада ашылып отырған орталық цифрлық кітапхана құру бойынша ауқымды жобаны іске асырмақ.
Шығыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасының белсенді қолдауымен облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, кітапханаға кәсіби сканерлер сатып алынған.
Қазіргі уақытта баспа қорын цифрландыру бірінші кезекте "Өлкетану" және "Біздің Абай / Наш Абай" атты жеке өлкетану электронды кітапханаларын дамытумен байланысты. Сондай-ақ, электронды форматқа аударылатын бірінші кезектегі құжаттар – сирек кездесетін кітаптар, 1945 жылға дейінгі мерзімді басылымдар және басқа да мәдени-тарихи, ғылыми немесе аймақтық маңызы бар басылымдар болып табылады, - деп мәлімдеді кітапхана мамандары. - Жаңа I2S CopiBook Open System сканерлері цифрландыру жылдамдығын бірнеше есе арттырып, облыстық кітапхананың баспа қорын электрондық форматқа толығымен түрлендіруге мүмкіндік береді. Жалпы цифрландыру баспа түпнұсқаларының тозуы мен ескіруін бәсеңдетіп қана қоймай, сонымен қатар пайдаланушыларға бір уақытта ақпарат көзіне қол жеткізуге мүмкіндік береді, жеке түпнұсқасы жоғалған кезде құжатты қалпына келтіру мәселесін шешеді, құжаттарды электрондық жеткізу сервисін дамытуға және кітапханалық қызмет көрсету сапасын арттыруға ықпал етеді.