Оқсыз атылатын қаруды тіркемегендер де жауапқа тартылады
Қару айналымын бақылауды күшейту мақсатында 2022 жылы заңнамаға өзгерістер енгізіліп, оқсыз атылатын қару азаматтық қару санатына жатқызылды

Ол тек мәдени, білім беру және коллекциялық мақсаттарда пайдалануға рұқсат етіледі, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
ШҚО ПД сатып алынған сигналдық және оқсыз атылатын қару ішкі істер органдарында 7 күн ішінде міндетті түрде тіркелуі керек екенін ескертеді.
Мұндай қаруды заңсыз сақтағаны, алып жүргені және сатқандығы үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, - деп ескертті ШҚО Полиция департаменті. - Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 482-бабына сәйкес, аталған құқық бұзушылық үшін қаруды тәркілеумен 20-дан 40 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл көзделген.
Сонымен қатар, заңсыз сақталған қару мен оның құрамдас бөліктерін өз еркімен тапсырған тұлға, егер оның әрекеттерінде өзге құқық бұзушылық белгілері болмаса, әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.
Азаматтарды аталған қаруды тіркеу немесе оны ішкі істер органдарының бөлімшелеріне ерікті түрде тапсыру бойынша шара қабылдауға, сондай-ақ бұл туралы 102 телефоны арқылы хабарлауды сұраймыз.