Микроқаржылық ұйымдар халықты алдап, 30 млрд теңге қарызға батырған
Қаржылық мониторинг агенттігі заңсыз несие беру схемаларын анықтау бойынша жұмыс жүргізуде

Мемлекет басшысы халықтың қарыз жүктемесінің өсуіне жол бермеу жөнінде тапсырма берген болатын, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Алматы қаласы бойынша ҚМА департаменті алты микроқаржы ұйымының заңсыз әрекеттерін әшкереледі. "Creditum" МҚҰ, "Sofi Finance" МҚҰ, "Hava Finance" МҚҰ, "SF Offline" МҚҰ, "POS Credit" МҚҰ, "Сәлем Кредит" МҚҰ басшылығына қатысты алаяқтық және заңсыз кәсіпкерлік қызмет бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Төлемдері кешіктірілген қарыз алушыларды "KOKE.KZ", "TENGO.KZ", "HAVA.KZ" платформалары арқылы серіктес компаниялармен кепілдік шарттарын жасауға мәжбүрлеген. Бұл ретте кепіл берушінің жауапкершілігі тек қарыз алушы қайтыс болған жағдайда ғана күшіне енген. Аталған қызмет үшін бастапқы несие сомасынан бірнеше есе асып түсетін төлемдер алып, азаматтарды қарызға батырған. Нәтижесінде қарыз алушылар несиенің бастапқы сомасынан 3-5 есе көп төлем жасауға мәжбүр болған, - деп мәлімдеді Қаржылық мониторинг агенттігі.
Мысалы, қарыз алушылардың бірі 120 мың теңге несие алып, негізгі қарыз бенпайыздарды қоспағанда тек кепілдік үшін 446 мың теңге төлеген.
Осылайша, микроқаржы ұйымдарының негізгі табысы жалған кепілдік шарттары бойынша төлемдерден жасалған.
Осындай заңсыз әрекеттерден халық жалпы сомасы 30 млрд теңге көлемінде шығынға ұшыраған.
Тергеу жалғасуда.