Өскеменде "ONAY! " жүйесінің қызмет көрсету орталығы ашылды
Өскеменде қоғамдық көлікте жолақы төлеудің жаңа электрондық жүйесі – "ONAY! " қызмет көрсету орталығының жұмысы басталды

Ашылу рәсіміне облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметі ақпаратына сүйеніп.
Жүйенің басты артықшылығы – пайдалану ыңғайлылығы мен әртүрлі төлем әдістерінің болуы. Жол ақысын байланыссыз тәсілмен немесе мобильді теңгерім арқылы төлеуге болады. Жеке картаны алу міндетті емес – оны мобильді қосымшада рәсімдеуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар, "ONAY!" картасы мен мобильді қосымшасы Қазақстанның басқа да жүйе енгізілген аймақтарындағы қалаларында қолданылады. Бұл жиі сапарға шығатын жолаушылар үшін өте ыңғайлы.
Облыс әкімі қоғамдық көлікті жаңғырту басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Алдағы уақытта экологиялық стандарттарды ескере отырып, автобус паркін жаңарту жоспарланған. "ONAY!" жүйесін енгізу – жолаушылар тасымалы саласындағы ашықтықты қамтамасыз етудің маңызды қадамы.
Белгілі бір санаттағы азаматтар картаны жеңілдікпен алады:
- 70 жастан асқан зейнеткерлер;
- Көпбалалы отбасылардан шыққан балалар және атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушылар (7-18 жас);
- Өскемен қаласының құрметті азаматтары;
- ҰОС және жауынгерлік іс-қимыл ардагерлері, ҰОС қатысушыларының жесірлері;
- I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар;
- Мемлекеттік наградалармен марапатталған көпбалалы аналар.
Жеңілдік картасын алу үшін мына мекенжайларға жүгінуге болады:
- Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі (Шәкәрім даңғылы, 149/10)
- Жастар ресурстық орталығы (Жібек жолы көшесі, 3)
- Жолаушылар тасымалын басқару орталығы (Қазақстан көшесі, 154)
Көлік картасын қайдан сатып алуға болады?
Жолаушыларға ыңғайлы болу үшін "ONAY!" көлік карталары қаланың түрлі нүктелерінде, соның ішінде сауда орталықтары мен вокзалда сатылады. Картаның бағасы – 800 теңге.
Қалалық ТКШ бөлімі басшысының орынбасары Рашид Шерубаевтың айтуынша, қазіргі уақытта жеңілдікті санаттағы азаматтар үшін құжаттар жиналады, қызмет көрсету орталығын жабдықтау және қоғамдық көлікке қажетті құрылғыларды орнату жұмыстары жүргізілуде. Барлық жаңашылдықтар қалалықтардың қажеттіліктері мен мүдделерін ескере отырып енгізіледі.