Қ. Ысқақ пен Д. Әшімханұлының шығармашылығына арналған сурет байқауы жарияланды
Қылқалам шеберлері арасындағы байқау Қалиқан Ысқақтың 90 жылдығы мен Дидахмет Әшімханұлының 75 жылдығына орайластырылуда

Жүлде қоры қомақты, үздік жұмысқа 1 млн теңге тағайындалған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Байқауды ұйымдастырушы - Катонқарағай дамыту қоры. Басты мақсат - суретшілердің жұмыстары арқылы оқырман қауымды жазушылардың шығармашылығына қызықтырып, рухани ортаға тарту.
Суретшілер байқауға кемі екі жұмыс ұсынады. Бірі жазушының шығармашылығындағы сюжетке бағытталса, екіншісі жазушының өмір жолдарын негізге алуға болады. Мәселен, бір картина Қалихан Ысқақтың әңгімесіне арналса, енді бірі Дидахмет Әшімханұлының өмірбаянына арналуы мүмкін немесе керісінше бір картина Дидахмет Әшімханұлының әңгімесіне арналса, енді бірі Қалихан Ысқақтың өмірбаянына арналуы тиіс. (Қатысушы екі жазушыны да ескеруі қажет), - дейді ұйымдастырушылар. - Жұмыстың көлемінде, орындалу техникасында шектеу жоқ. Тек, 18 жастан асқан суретшілер қатыса алады. Картинаның артқы жағында суретшінің аты-жөні, телефон нөмірі, жұмыстың тақырыбы, орындалу техникасы толық жазылуы қажет. Суретшілер өз жұмыстарын 2025 жылдың 25 мамырына дейін Алматы қаласы, Таусамалы, 98 мекенжайына ұсыну қажет (+77071018830). Сонымен қатар, қатысушы daulet833@mail.ru электронды поштасына жазған жұмысының фотосуретімен бірге өзі туралы толық дерек жолдайды.
Қылқалам шеберлерінің байқауға тапсырған жұмыстары ұйымдастырушылардың меншігінде қалады. Әлбетте, суреттерді қандай да ақпараттық құралдарда таратуда, кітап беттеріне пайдалануда авторлық құқық сақталады.
Жүлде қоры:
- 1 орын – 1 млн теңге
- 2 орын – 700 мың теңге
- 3 орын – 500 мың теңге
Сондай-ақ, 50 мың теңгелік 3 ынталандыру сыйлығы бар.
Жүлдегерлер маусым айында Катонқарағай ауданында өтетін жазушылардың мерейтойында марапатталады.