Өскемендіктер Көрісу күні – Амал мерекесін атап өтуде
Бұл күні халық бір-бірімен көрісіп, амандасып, ақжарма тілектерін арнайды

Шығыс жұрты да алыс-жақын ағайынмен көрісіп, ата дәстүрді жаңғыртуда, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Бүгін әз Наурыздың жаршысы – Амал мерекесі. Көрісу – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін, ренішті ұмыттырып, адамдарды жақындастыратын дәстүр.
Биыл Республика алаңына ең үлкен киіз үй тігілген. Бүгіннен бастап Ұлыстың ұлы күніне дейін бұл жерде түрлі шаралар ұйымдастырылмақ. Бүгін ШҚО драма және опера театрының әртістері жиылған жұртқа "Көрісу" салт-дәстүрінен сахналық қойылым ұсынды. Өйткені бұл мереке әсіресе Қазақстанның батыс өңірінде кеңінен тойланады, ал шығыста тек соңғы жылдары кеңінен насихатталуда.
Бүгін қала тұрғындары мен қонақтары үшін арнайы мерекелік бағдарлама әзірленді. Алдымен облыстық театр ұжымы "Көрісу" дәстүрін көрсетеді, кейін облыс өнерпаздары ән мен күйден шашу шашады, - дейді Өскемен қаласының мәдениет бөлімінің басшысы Алмаз Нұрғалиев.
Наурыз мейрамының бастауы саналатын бұл күні жұрт бір-бірімен көрісіп, қыстан аман-есен шығуымен, жаңа жыл келгенімен құттықтайды. Адамдар бір-біріне амандық-саулық тілеп, өкпе-ренішін ұмытып, кешірім сұрайды.