Өскеменге 40 жаңа автобус сатып алынады
Алдағы уақытта трамвай паркінің де вагондары жаңартылмақ

Қоғамдық көліктегі жағдайды жақсарту үшін "ONAY" электронды төлем жүйесі енгізіледі, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Бүгінде қалада қоғамдық көлікке қатысты мәселе өзекті болып отыр. Атап айтқанда, автобус паркі ескірген, қозғалыс уақыттарының аралықтары сақталмайды, ал кейбір аудандарда аялдамалар жоқ.
Осыған байланысты қолжетімділікті жақсарту мақсатында 40 жаңа автобус сатып алу жоспарланған. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыс жалғасып, автобус паркі кезең-кезеңімен жаңартылады, - деп мәлімдеді Өскемен қаласының әкімдігі. - Сондай-ақ, трамвай паркіне мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімделген, бейнебақылау жүйесімен жабдықталған жаңа вагондарды жеткізу туралы келісім жасалды.
Қоғамдық көліктегі жағдайды жақсарту үшін "ONAY" электронды төлем жүйесі енгізіледі. Бұл жүйе жолаушылар ағынын талдап, ең қажетті бағыттарды анықтауға, сондай-ақ қозғалыс кестесінің сақталуын бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, нақты деректер негізінде тиімсіз маршруттарды қысқартып, қажет болған жағдайда жаңаларын ашу қарастырылады.
Қолданыстағы "Өскемен Card" жүйесінің мүмкіндігі аз болғандықтан, "ONAY" жүйесіне көшу қажеттілігі туындады. Ескі жүйе жолаушылар ағынын талдап, маршруттардың жүктемесін анықтай алмайды. Осыған орай, ірі қалалардың тәжірибесі зерттеліп, "ONAY" жүйесін енгізу туралы шешім қабылданды. Жүйені орнату "Транспортный холдинг города Алматы" ЖШС есебінен жүзеге асырылады, яғни бюджет қаражаты жұмсалмайды.