Өскемендіктер бабадан қалған дәстүр - жарапазанды жаңғыртты
Ұлттық киім киіп, қыран құс қондырып, тазы ерткен облыс өнерпаздары шығыс жұртына қасиетті айдың келгенін сүйіншіледі

Қасиетті Рамазан айында Шығыс Қазақстан облыстық "Халифа Алтай" мешітінің ұйымдастыруымен Өскемен қаласында "Айтайық жарапазан елімізге..." акциясы басталды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Рамазанмен сүйіншілеп, қасиетті айдың басталғанын білдіру – бабалардан қалған дәстүр. Байырғы жарапазан айту дәстүрін жаңғырту, дін мен дәстүр сабақтастығын нығайта түседі.
Облысқа танымал өнерпаздар қыран құс қондырып, домбыраны күмбірлетіп, сән салтанатпен қала көшелеріне шығып, адамдар көп жүретін сауда орталықтарына, базарларға барып, қазақтың дәстүрімен жарапазан айтып, халыққа Рамазан құтты болсын деп ізгі тілек тіледі.
Жарапазан ұлтымыздың салт-дәстүріндегі бірегей құндылық. Халқымыздың жарапазан айту салтын жаңғыртып жүрген өнерпаздарды қолдап, осы шараны іске асырып отырмыз, - деп атап өтті ШҚО бас имамы Думан Нәдірұлы.
![]()
Өскеменнен бастау алған жарапазан эстафета ретінде жалғасып, аудандарға ұсынылды.