ШҚО-ға 8 облыстан 30-ға жуық қолөнер шебері келеді
Ертең Өскеменде "Ғасырлық дәстүрлер" атты кілем тоқу және сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарының алғашқы республикалық фестивалі басталады

Фестивальда Қазақстанның қолөнер және өнер саласының белгілі тұлғалары қазылық етеді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Фестиваль 6-7 наурызда Халықаралық әйелдер күні мен Жұмысшы мамандықтары жылы қарсаңында ұйымдастырылады.
Фестиваль бағдарламасы өте қызықты болады. 7 наурызда Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының ғимаратында қолданбалы өнер шеберлерінің бірегей туындылары ұсынылатын көрме-жәрмеңке өтеді, сондай-ақ әртүрлі қолөнер түрлерімен танысқысы келетіндерге шеберлік сыныптары ұйымдастырылады. Фестиваль 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты шарамен аяқталады, - деп атап өтті облыстық мәдениет басқармасының басшысы Самат Қасенов.
Фестивальға 8 облыстан және республикалық маңызы бар екі қаладан 27 шебер қатысады. Олардың арасында халықаралық байқаулар мен көрмелердің жеңімпаздары, сондай-ақ ЮНЕСКО сапа белгісімен марапатталған шеберлер бар. Шығыс Қазақстан облысынан 8 шебер қатысады. Олардың қатарында тәжірибелі қолөнершілер мен жас таланттар да бар.
Қазылар алқасы: Қазақстанның Қолөнершілер одағының төрағасы Айжан Бекқұлова, сәнгер, Tarbiya брендінің негізін қалаушы Тарбия Айдымбаева, "URSHUK" республикалық қоғамдық ұйымының төрағасы Бибігүл Карденова, "Шығыс Қазақстан облысы қолөнершілер ресурстық орталығы" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Райса Мұхамеджанова және Суретшілер одағының мүшесі Куляш Акашова бар.
Фестиваль жеңімпаздарының туындылары музей-қорыққа сыйға тартылып, оның қорын толықтырады.