ШҚО-да Рамазан айына дайындық басталды
Осы сенбі – 1 наурыздан бастап күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айы басталады

Биыл Рамазан айында мұсылмандар 29 күн ораза ұстайды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінің ғұламалар кеңесімен, пәтуа саласындағы ғалымдарымен ақылдаса отырып, биылғы Рамазан айының басталу күнін белгіледі. Ортақ пәтуаға сәйкес, қасиетті Рамазан айы 1 наурызда басталады. Ал Қадір түні - 26-27 наурызға қараған түні. 30 наурыз күні Ораза айт мерекесі тойланады, - деді ШҚО бас имамы Думан Сайфуллин.
Айлардың сұлтаны болған құлшылық айы - Алланың жұмыр басты пендесіне берген шексіз мейірімінің бір айғағы. Өйткені бұл айда жақсы мен жаманды, ақ пен қараны айыруға, адамзатты тура жолға салуға бұйырылған Құран Кәрім жер бетіне түсірілген. Сондықтан бұған шүкіршілік етіп, Алланың разылығын алу үшін ораза ұстап, барша жамандық атаулыдан тыйылуымыз қажет.
Рамазан айы - жұмақ есіктерінің ашылып, тозақ есіктерінің жабылатын, шайтанның кісенделетін уақыты. Ораза жай ғана ішіп-жемнен тыйылу емес, ішкі жан-дүниеңді, руханиятыңды тәрбиелеу, тепе-тең ету. Бұл айда ауыр сөз, балағат, өтірік айтудан, бұзақылық жасау сынды жаман әдеттерден бас тартып, барынша ізгілік пен сабырлық танытуға тырысу керек.
Дініміз исламда балиғат жасына толған, ақыл-есі дұрыс, сапарда болмаған, денсаулығы жарамды әрбір мұсылманға ораза ұстау парыз. Ал енді жолаушы, науқас, жүкті немесе емізулі баласы бар әйелдерге ораза ұстау уақытын кейінге қалдыруға шариғатымыз рұқсат береді, - дейді бас имам.
Биылғы пітір садақаның мөлшері 655 теңге деп бекітілді. Бұл – 2 келі ұнның орташа бағасына негізделіп есептелген. Пітір садақа мұқтаж жандарға көмектесу үшін беріледі.
Пітір садақаны мешітке немесе мұқтаж жандарға беру әркімнің өз еркінде, - деп ескертті бас имам. – Қасиетті Құранның "Тәубе" сүресінің 60-аятында зекет, садақаны кімге беру керектігі айтылған. Яғни, пақырлар, міскіндер, жолда қалғандар, қарызға батқандар, Алла жолындағыларға беріледі делінген. Аятта зекет, садақа жинайтын арнайы орындарға беруге болады деген. Яғни, мешіт садақаны жинап, бөледі (кедей-кепшікке, мешіттің өз қажеттіліктері).
Осы орайда айта кеткен жөн, облыстық мешіт бұл айда бірқатар ізгі, қайырымдылық шараларын жоспарлап отыр. Мәселен, Рамазан айының сүйіншісі саналатын насихат жырдың төресі, игі дәстүріміз – жарапазанды жаңғыртпақ. Яғни, 1 наурыз күні халық көп жиналатын қоғамдық орындарда жарапазан шырқалады.
Биылғы оразада Зайсан және Өскемен қаласында мұқтаж жандарға баспана кілті табысталады деп жоспарлануда, - деді "Зекет" қайырымдылық қорының ШҚО бойынша өкілі Берік Қадірұлы. - Жылда 500 адамға мешітте ауызашар беріледі, биыл да бұл үрдіс жалғасын табады.