Өскемендік әскерилер ғасыр жасаған ардагерге ұлттық тағам ұсынды
Ұлттық ұланның №3477 әскери бөлімі "Жеңіске 100 күн қалғанда" акциясы аясында Ұлы Отан соғысының ардагері Анастасия Светочеваның шаңырағына барып, майдангердің хал-жағдайын біліп қайтты

Әскери бөлім командирі бастаған арнайы меймандар ардагерге дастархан жайып, ұлттық тағамдар әзірледі, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Әскерилер ардагердің үйінде тазалық жұмыстарын жүргізіп, азық-түлік ала барды.
Еліміздің өсіп-өркендеуіне, тұрғындардың бейбіт, тыныш өмір сүруіне Ұлы Жеңістің ықпал еткені баршамызға аян. Ғасырдан асқан ардагердің біздің әскери бөлім үшін әманда орны бөлек. Біз әрбір мереке сайын майдангерге құрмет танытып, әскери оркестрмен ән шырқап, көңілін көтеруге тырысамыз. Бұл жолы ұландықтар бауырсақ пісіріп, ардагерге ерекше ас әзірледі, - дейді №3477 әскери бөлімі командирінің орынбасары подполковник Аңсар Шәкенов.
"Отан соғысы" орденінің бірінші дәрежелі кавалері Анастасия Светочева соғыста әскери байланысшы болған. 103 жасқа қадам басқан кейуананың қимылы әлі де ширақ. Соғыстағы жерлестерінің ерлігі мен бейбіт өмірдегі тірлігін қаперінен шығармаған. Дастархан басында әскери қызметшілерге ұрыс даласындағы бастан кешкендерін баяндап берді.