Өскеменде әскери-патриоттық тәрбие берудің тың тәсілдері талқыланды
Облыс орталығында орта мектептер мен колледждердегі алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімдеріне арналған республикалық ғылыми-әдістемелік конференция өтті

№46 мектепте ұйымдастырылған жиын "Алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні оқытушы-ұйымдастырушыларының кәсіби құзыреттілігін арттыру" тақырыбында өрбіді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Өскемен гарнизонының баспасөз қызметі ақпаратына сүйеніп.
Конференция аясында мектептер мен колледждердің өкілдері жиналып, өзара тәжірибе алмасты.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 36-бабына сәйкес, Отанды қорғау – әрбір азаматтың қасиетті міндеті. Осыған орай, біз оқушылардың патриоттық рухын нығайтып, оларды ел қорғанына дайындайтын мұғалімдердің кәсіби шеберлігін жетілдіруге мән беруіміз қажет.Қазіргі әскери дайындық тек қару қолдану дағдыларымен шектелмей, заманауи технологияларды меңгеруді де қамтиды. Бүгінде оқушыларға арналған виртуалды мергендік жаттығулар мен әскери тактика бойынша интерактивті бағдарламалар қолжетімді. Осындай құралдар сабақтарды қызықты әрі тиімді өткізуге мүмкіндік береді, - деді ҚР Қорғаныс министрлігі "АСЗО" АҚ қорғаныс зерттеулері департаментінің бас сарапшысы полковник Ерлан Зәкиев.
Конференция барысында арнайы шақырылған сарапшылар әскери-патриоттық тәрбие берудің өзекті мәселелерін талқылап, үздік әдістемелермен бөлісті. Бұдан бөлек, Шығыс Қазақстан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілдері баяндама жасап, әскери ЖОО түсу талаптарымен таныстырды. Конференцияға ШҚО ТЖД, шекара қызметінің және Ұлттық ұланның өкілдері де қатысып, баяндама жасады.
Ал №27943 әскери бөлімінің қызметкерлері көрме ұйымдастырып, шараға қатысушыларды ведомстволық киім үлгілері, қару-жарақ және арнайы жабдықтармен таныстырды.