Ұлттық ұланның әскери оркестрі Өскемен автобекетін әнге бөледі
"Жеңіске 100 күн қалғанда" акциясы аясында соғыс жылдарындағы әндер орындалды

Ұлттық ұланның "Шығыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты №5518 әскери бөлімінің оркестрі қаладағы қоғамдық шараларға белсене қатысады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Әскери оркестр таяуда "Жеңіске 100 күн қалғанда" акциясы аясында қаладағы сауда үйінің бірінде соғыс жылдарындағы әндерді орындап, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленген болатын. Ұландықтардың кезекті концерті Өскемен қаласындағы автовокзал ғимаратында өтті.
Шараның мақсаты – Ұлы Отан соғысына қатысушылардың ерлігін мәңгі есте сақтау және болашақ ұрпаққа оларды жеткізу. Бізде әлі бұл бағытта жоспарланған бірқатар жүйелі жобалар бар. Күні кеше 30 жылдық мерейтойын атап өткен әскери бөлім шаһардағы қоғам тыныштығын қамтамасыз етуден бөлек, қала тұрғындарының бойына патриоттық сезім дарытуда сүбелі үлес қосып келеді, - №5518 әскери бөлімі командирінің орынбасары майор Серік Ноғаев.
Халық нөпірі көп ғимаратта оркестрдің кәсіби деңгейде орындаған туындылары көпшілікке көтеріңкі күй сыйлады.