Шемонаихада ер адам түрмеге есірткі лақтырмақ болған
Сотталғандарға есірткі лақтырмақ болған күдіктіні Ұлттық ұландықтар ұстады

Оқиға бүгін таңға жуық орын алған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
ҰҰ "Шығыс" ӨңҚ баспасөз қызметі ақпараты бойынша, 21 ақпан түнгі сағат 03.30 шамасында Шемонаиха қаласындағы №18 түзеу мекемесінің учаскесі маңында күдікті азамат ұсталды.
№5511 әскери бөлімінің бейнебақылау операторы мен кезекші бақылаушысы күзетілетін аумаққа жақын жерде жүрген ер адамды байқап қалған, - делінген хабарламада. - Оқиға орнына әскери бөлімнің кинологиялық қызмет бойынша қарауыл бастығының көмекшісі, сондай-ақ Шемонаиха ауданының полиция бөлімі мен мекеменің жедел-режимдік бөлімінің қызметкерлері дереу жетіп, Абай облысының 1998 жылғы тумасын ұстады. Тінту барысында оның қолынан қызыл түсті полиэтилен пакет, ішінде жасыл түсті өсімдік тектес зат салынған 12 скотчпен оралған бума табылды.
Тергеу жүргізу және процессуалдық құжаттарды рәсімдеу үшін оқиға орнына аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы шақырылды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.