Ұлттық ұлан жауынгері унифайттан әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды
Ресейдің Саратов қаласында унифайт спорт түрінен әлем чемпионаты өтті
Чемпионатта ел намысын Ұлттық ұланның "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының 5518 әскери бөлімінің жауынгері капитан Медет Сәметаев қорғады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Медет Сәметаев румын, өзбек спортшыларынан басым түсіп, ақтық сайыста ресейлік қарсыласына есе жіберді. Нәтижесінде 95 келі салмақ дәрежесінде әлем чемпионында күміс жүлдегер атанды.
Чемпионатқа әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған екі жүзден астам балуан қатысқан.Әлем чемпионаты болғандықтан бұл жерден осал спортшы табылмады. Менімен күш сынасқан қарсыластарымның барлығы да ерекше дайындықпен келген. Осы орайда, маған қолдау танытқан бапкерім әрі туған ағам Айбек Сәметаевқа алғысымды білдіргім келеді. Алдағы уақытта Алматы қаласында қоян-қолтық ұрыстан Ұлттық ұлан арасында өтетін жарыс бар. Сондықта арқаны кеңге салмай, қазірден бастап қызу дайындық үстіндемін,- дейді 5518 әскери бөлімінің қызметшісі, капитан Медет Сәметаев.
Айта кетейік, унифайт спорт түрі жекпе-жек спорттарының әртүрлі техникаларын қамтиды. Аталмыш спорт түрінде физикалық күшпен қатар, спортшының тактикалық ойлауы мен стратегиясы маңызды рөл атқарады.