Өскемендік әскери қызметші республикалық байқаудың жеңімпазы атанды
“Әскер тарланы” республикалық байқауы - әскери қызметшілердің шеберлігін жетілдіруге, жауынгерлік тәжірибе алмасуға және армияның имиджін арттыруға бағытталған
Өскемендегі 27943 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Азамат Джумагазиев “Әскер тарланы” республикалық байқауының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Ал осы әскери бөлімдегі барлау ротасының командирі Руслан Мақсұт “Жауынгерлік машинаның үздігі” атанды.
Байқау жеңімпаздарын Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов марапаттады.
Біз дәстүрлі "Әскер тарланы" байқауының қорытындысы бойынша үздік мамандарды марапаттадық. Байқауды бағалау кезінде қызметшілердің жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық дайындық бойынша ай сайынғы сабақтардың нәтижелері мен оқу-жаттығулар, түрлі байқауларға қатысуы, әскери тәртіп және моральдық-іскерлік қасиеттері ескерілді, – деді Қорғаныс министрі.
Әскери байқаудың жеңімпазы Азамат Джумагазиевтың айтуынша, іріктеу 24 номинация бойынша өткен. Сондай-ақ байқау жеңімпаздары дипломдармен, атаулы мүсіншелермен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.